Ақбота Керімбекованың орындауындағы «Ай, ай, жаным» әні «Саз керуен» жобасында үздік деп танылды

Бір ай бойы «Шалқар» ұлттық радиосы арқылы 8 ән сарапқа салынды.

13:12, 25 желтоқсан 2015   1461

«Шалқар» ұлттық радиосының үздік әндерді анықтауға арналған «Саз керуен» бағдарламасы желтоқсан айын қорытындылады. Бір ай бойы ұлттық радио эфирі арқылы 8 ән сарапқа салынған болатын.    

Тыңдармандар дауысы бойынша Ақбота Керімбекованың орындауындағы «Ай, ай, жаным» әні үздік деп танылды.

Бағдарлама барысында радиотыңдармандармен тікелей байланысқа шыққан өнер иесі аталмыш әннің шығу тарихын баяндап,  шығармашылықтағы жаңалықтарымен бөлісті.

«Әнші үшін халық бағасынан асқан марапат жоқ. Өте қуаныштымын. Бұл ән 2014 жылы жазылған. Алматыда өткен шығармашылық кешімде орындаған болатынмын. Дауыс беріп, қолдау білдірген барша тыңдармандарыма алғыс білдіремін», дейді әнші.

Өнер иесінің сахнада жүргеніне биыл 20 жылға жуық уақыт болды. Осыған орай, көктем айында елордада шығармашылық концерт өткізетінін жеткізді.

Айта кетейік, әр ай сайын үздік деп танылған ән радионың «Алтын қорына» тапсырылады. Жоба 12 ай бойы жалғасады.