Ақын Зәкіржан Қалкенбаевтың «Шалқар» ұлттық радиосына арнауы

Зәкіржан Қалкенбаев 1981 жылғы елімізде тұңғыш ұйымдастырылған шығармашыл жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің жүлдегері. «Тоғыз перне», «Қоңыр кеш», «Жұбаныш» жыр жинақтарының авторы.

11:34, 20 ақпан 2016   884

«Шалқардың» мерейтойына

Бала кезден ашылғандай тынысым,

Қандырып ең құлағымның құрышын.

Құлазысам көңілімді көтерер,

Досым бола біліп едің - дұрысы.

 

Жас күнімнен тыңдап өстім «Шалқарды»,

Төкпе күйлер қоздыратын арқамды.

«Шалқар» айтқан әңгімеге, хабарға,

Қаншама адам құлақ түріп тамсанды.

 

«Шалқар» қанша жауап берді сұраққа,

Даңқы кетті елден асып жыраққа.

«Шалқар» маған бола білді жақсы дос

Қой қайырып жүрген шақта қыратта.

 

Азамат боп, қол алғанда арманым,

Сен қасымнан күндіз-түні қалмадың.

Сезбей де өзің, әңгімеңмен пайдалы,

Үзілердей үміттерді жалғадың.

 

Радио - тәрбиенің құралы,

Біздің «Шалқар» - қазағымның жыр-әні.

Күні бойы жүрегі үлкен данадай,

Қазақ елін құшағына ап тұрады.

 

Елу жылда елмен бірге жаңардың

Өсиеттей кең далама таралдың.

Қанша талант тәрбиелеп шығарып,

Бар жақсысын бізге ұсындың ғаламның.

 

Мерейтойың құтты болсын, «Шалқарым»!

Алғысына бөлене бер, баршаның.

Асқақ даусың болашаққа жалғассын,

Бар қазақтың іздеп тауып аңсарын.

 

Елеулі боп еңбектерің ел үшін,

Шаңырағыңда орнасын тек келісім.

Өз халқыңның жебеушісі бола бер,

Жүрегімнен жыр арнадым, сен үшін.