Астана Жастар театрында «Шалқар шабыт» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті (ФОТО)

Байқау «Шалқар» радиосының 50 және Қазақ радиосының 95 жылдығына арналған.

20:00, 26 наурыз 2016   1571

Бүгін Астана Жастар театрында «Шалқар» радиосы ұйымдастырған «Шалқар шабыт» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Радионың Бас редакторы Серік Сейітман және жоба ұйымдастырушысы Толқын Сұлтан театр қайраткерлерін құттықтап, байқауға қатысқан барлық ұжымдарға алғыстарын білдірді.

Айта кетсек, жобаға ұлттық радионың әуе толқынынан өтетін «Шабыт» радиотеатры» бағдарламасы аясында республикалық театр репертуарларынан алынған 12 қойылым қатыстырылған.

Олардың арасынан радиотыңдармандар мен интернет қолданушылардың дауыс беруі нәтижесінде үш қойылым («Майдан әндері», «Ана-Жер ана»  және «Әншінің пірі - Әміре» моноспектакльдері) үздік шықты.   

Кеш барысында жеңімпаздарға арнайы грамота мен этнодизайнер Ерболат Қарабдалдың қолынан шыққан байқау үшін арнайы жасалған құмыра табысталды.

Халықаралық театр күніне орайластырылған  бұл шараға сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысып, өнер майталмандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.