Радио ардагері Сәркен Оспановтың туғанына - 80 жыл

Хабар барысында Сәркен Оспановтың «Шалқар» радиосының ашылуы туралы «Алтын қорда» сақталған пікірін тыңдай аласыздар.


18:00, 8 ақпан 2016   1217

Радио ардагері Сәркен Оспановтың туғанына - 80 жыл. Осыған орай «Шалқар» ұлттық радиосы «Ұлағат» атты арнайы хабар ұсынады.

Көкше жеріндегі Айыртау ауданына қарасты Дәуқара ауылында дүниеге келген Сәркен Шұғайыпұлы  сол өңірге аты мәлім діндар Шоңқара қажының ұрпағы. Үш жасынан әкеден, алты жасынан шешеден айырылған жас бала ағайындарын сағалап, Қызылжар мектебінде, кейін Көкшетаудағы мұғалімдер даярлайтын училищеде оқып, айрықша дипломмен бітіреді.

Алғаш Қазақ радиосының есігін аттағанда «Өндіріс» редакциясына тілші болып қабылданады. Біршама тәжірибе жинақтап, қаламы төселген соң «Соңғы хабарлар» редакциясына аға редактор болып ауысады.

Сәркен Оспановтың «Шалқар» радиосының ашылуы туралы айтқан «Алтын қорда» сақталған пікірі:

«Домна пеші қандай болса, радиодағы ең қиын жұмыс «Соңғы хабарлар» редакциясында болатын. Қазақша хабарлар аз болды.  Есептеп келгенде, отыз пайыздан аспайтын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 1966 жылдың 1 қаңтарында  «Шалқар» бағдарламасы өмірге келді. Сол «Шалқарымыз» күні бүгінге  дейін халыққа еңбек етіп келеді. «Шалқардың» жақсы жұмыс істеп кетуіне, дұрыс жолға қойылуына сол кездегі Нүрсейіт Ерубаев, Мәлік Қарағұлов,  Кекілбай Нүсіпбеков, Абай Өтегенов, Нұрсұлтан Әлімқұлов,  Уәлихан Шыңғысұлы сынды әріптестеріміз қызмет етті. «Шалқардың» тұңғыш Бас редакторы болғаныма қуаныштымын».

«Шалқар» музыкалық-ақпараттық бағдарламасы сол кезде дүниежүзіне тарайтын. Шетелдегі қандастарымыздың  елге оралуына да ұйтқы бола білді. Бағдарлама бүгінде жеке радиоға айналды.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, радио ардагері  Руслана Құдайбергенова:

«Менің кәсіби радиожурналист болып қалыптасуыма, өмірлік мол тәжірибе жинақтауыма, сөз құдіретін түсінуіме тәлімгер ағаларымның ықпалы зор. Оның ішінде Сәркен Шұғайыпұлының еңбегі ерекше. Университеттің V курсында оқып жүріп, Қазақ радиосына жұмысқа келдім. Бірден «Соңғы хабарлар» редакциясының аға редакторы Сәркен ағамен таныстырды. Ол кісі телетайпқа түскен жаңалықтарды аударуға тапсырма берді. Аударғаным бірден ұнады. Кейіннен әріптестерім мені «Сәркеннің қарындасы» деп атап кетті».

Қазақ радиосының ардагері Үмбет Әбназарұлы:

«Сәркен ағамыздың тұлғасы заңғар таумен теңдесіп тұрған сияқты. Адамгершілікке толы жылы бейнесі, сыршыл әңгімесі, үлкенге де, кішіге де жайлы мінезі, әсіресе, кейінгі толқын інілеріне ұстаздық ұлағаты, бәрі көз алдымызда. Сәкеңнің редакциясына келгендер ол кісінің білімімен сусындап, адамгершілік қасиетінен үлгі алатын. Сол арқылы кемелденіп кететін кездері болушы еді. Ол кісінің шығармашылық зертханасының өзі  - үлкен дүние. Бізді сауатты, әрі қысқа, әрі нұсқа сөйлеуге тәрбиеледі».

Қазақ радиосының ардагері Түгел Мәден:

«Сәркен аға жүрегі жылылыққа, қайырымдылыққа толы алтын кісі  еді. Зейнетке шыққан соң да мерекелерде келіп жүретін. Бәрімізді бауырындай көрді».

2004 жылы Сәркен Оспановтың жары Динар Нұрмұхамедқызы журналист қолжазбаларын жинақтап, «Шыным да, сырым да осы» атты жинағын шығарды.

 

Хабарды  жүргізген: Алтын ИМАНБАЕВА