Радио ардагері Сәркен Оспановтың жары Динар Нұрмұхамедқызының естеліктері

«Жақсының жары» хабарынан тыңдаңыздар.


17:20, 3 ақпан 2016   1236

 «Шалқар» ұлттық радиосына биыл - 50 жыл. Бүгінгі «Жақсының жары» хабары радионың құрылуына еңбек сіңіріп, саналы ғұмырын журналистикаға арнаған ардагер Сәркен Оспановқа арналмақ.

Ұлттық радио ұжымы Сәркен Оспановтың жары Динар Нұрмұхамедқызын 80 жасқа толған туған күнімен құттықтап қайтты. Ақын жары әңгімені алғашқы танысқан кезінен бастады.

«Екеуіміз Көкшетаудағы мұғалімдер даярлайтын педучилищеде бірге оқыдық. 1954 жылы оқуды аяқтадық. Мен анам ауырып, үйде қалдым. Сәркен оқуға кетті. Осылай жүріп, қосылдық.

Көзі тірісінде қадіріне жете алдым ба, білмеймін. Кейде «Түсіне алмадым ба», деп те өкінемін. Өте текті адам еді. Жалғыз ұлымыз өмірден өткеннен кейін қатты қиналды. Жиі ауыратын болды. Ондай кездері ауруханаға емес, киініп алып радиоға қарай жүгіретін», деп еске алды.

 «Әйел табиғаты да құпиясы мол, жұмбақ, сырлы дүние ғой. Әйелдің құдіреті сол сұлулығы мен нәзіктігінде. Еркектер ерлігімен, батырлығымен жеңе алмаған нәрсені әйелдер кейде назды бір күлкісімен-ақ жаулап алады. Егер әйелдер өз күйеулерін шынжырлап ұстаса, оны кез келген еркек үзіп кетер еді. Соны түсінетін ақылды әйелдер көбінше сезім қылымен арқандайды. Ол темірден де берігірек» (Қабдеш Жұмаділов).

«Қызметіне көп араласқан жоқпын. Радиоға екінші рет қана келіп отырмын. Сәркен барда бір келгенім бар-тын. Үйге келгенде қызметтестері туралы бір  ауыз теріс сөз айтпайтын. Ешуақытта қатты сөйлеуді білмейтін. Сол жақсылығы қазір менің алдымнан шығып жатыр. «Сәркен ағаның үйіндегі апамыз», деп қарсы алып, іздеп келіп жатқанда толқимын».

«Өткенде радиодан бір ән естіп қалдым. «Махаббат партадан басталады» деген сөздері бар. Біздің де махаббатымыз партадан басталып еді. Сол әннің таспасын іздеп, базарға бардым. Сатушылар «Ол жастардың әні», деп күледі. Қазір махаббат туралы айтқаным әбестік болар. Бірақ, Сәркен өмірден кеткелі бір сәт те ойымнан кеткен емес. Өзіммен бірге кетер...».

Әрбір күніміз естелік. Өмірі ренжітпеймін деп айтатын. Сол сөзінде тұрды. 47 жыл бірге өмір сүрдік»

Хабар барысында радио ардагерінің «Шыным да, сырым да осы» кітабынан өлеңдерін және  «Шалқар» радиосының «Алтын қорында» сақталған хабарын тыңдай аласыздар.