«Саз керуеннің» бесінші айналымы 7 сәуірде қорытындыланады

«Шалқар» ұлттық радиосының үздік әндерді анықтауға арналған «Саз керуен» жобасы жалғасуда.

14:47, 2 сәуір 2016   1400

Бұл кезеңде тыңдармандар назарына 12 жаңа ән ұсынылған болатын.

Ереже бойынша, shalkarfm.kz сайты арқылы ең көп тыңдалған әуен жылдық байқауға жолдама алады. Сондай-ақ, үздік ән радионың «Алтын қорына» тапсырылады.

Қазіргі уақытта үш мыңнан астам тыңдалыммен Аққу мен Гүлназдың орындауындағы Керім Елеместің сөзіне жазылған Берік Төлепбергенұлының «Бір үйде» әні алда келеді.

Байқаудың бесінші айналымы 7 сәуірде қорытындыланады.

Айта кетейік, «Саз керуен» - «Шалқар» ұлттық радиосының 50 жылдығына арналған жоба. Ерекшелігі - үміткердің ең соңғы шыққан әні қатыстырылады.

Сондай-ақ, байқауда әуесқой әншілердің де бақтарын сынауға мүмкіндіктері бар екенін естеріңізге саламыз.  Жоба ел ішіндегі таланттарды іздейді.

Қосымша ақпаратты 8 (717) 2 55 33 48 нөмірі арқылы біле аласыздар.

Бағдарлама әуе толқынына әр аптаның бейсенбі күндері, сағат 21:00-де шығады.