«Шалқар» радиосы қайырымдылық концертін өткізді

Шара радионың жартығасырлық мерейтойы және 1 наурыз - Алғыс айту күніне орайластырылған.

16:24, 1 наурыз 2016   1216

«Шалқар» ұлттық радиосының ұжымы бүгін «Тұран-Астана» университетінде студенттермен кездесіп, Астана қаласындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне арнап қайырымдылық концертін өткізді.

Шара радионың жартығасырлық мерейтойы және 1 наурыз - Алғыс айту күніне орайластырылған.

Салтанатты шараны университет ректоры Гүлжамал Жапарова мен «Шалқар» радиосының директоры Болатбек  Төлепберген ашып, қос ұжым бұдан былай да тығыз әріптестік байланыста болатынын айтты.

Кеш бағдарламасы бойынша, радио қызметкерлері Сәрсенғали Жүзбай күйін шертіп, Жасұлан Наурызбайұлы мен Толқын Сұлтан ән шырқап, Нұрмат Мансұр мен Айсәуле Бейсенхан айтыстың тамаша үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, ардагер журналист Темірхан Момбекұлы ақсақалдық ақ батасын беріп, Марал Жұмагелдіқызы нағыз көркемсөз оқу шебері екендігін танытты.

Жиналғандарға ерекше әсер сыйлаған айтулы шарада қорытынды сөз сөйлеген «Шалқар» радиосының бас редакторы Серік Сейітман игі істің ұйытқысы болған Ақпараттық технологиялар және сервис факультетінің деканы Бауыржан Ысқақовқа да ұжымның атынан алғысын білдірді.

Кеш соңында университет басшылығы арнайы шақыртылған балалар үйінің тәрбиеленушілеріне естелік сыйлықтар табыс етті.