«Шалқар» радиосының ұжымы «SOS Астана балалар қалашығы» білім беру мекемесінде қайырымдылық концертін өткізді

Шара радио ардагері Темірхан Момбекұлы-Түркістанның Наурыз батасымен ашылды.

12:42, 14 наурыз 2016   1206

Ұлыстың ұлы күні  - Наурыз мейрамы қарсаңында «Шалқар» радиосының ұжымы «SOS Астана балалар қалашығы» білім беру мекемесінде қайырымдылық концертін өткізді.

Шара радио ардагері Темірхан Момбекұлы-Түркістанның Наурыз батасымен ашылды. Сондай-ақ, радионың Бас редакторы Серік Сейітман және «SOS Астана балалар қалашығы» білім беру мекемесінің директоры Зәуреш Арыстанова тілектерін арнады.

Радио қызметкерлері Сәрсенғали Жүзбай, Рүстем Жүніс күй тартып, Жасұлан Наурызбайұлы мен Толқын Сұлтан балаларға ән-шашу сыйлады. Айтыскер ақын Нұрмат Мансұр арнау айтса, Марал Жұмагелді Мұқағали Мақатаевтың жырларын оқып берді.

Жиын соңында Темірхан Момбекұлы-Түркістан жиен немересі Кәусардың атынан жиналғандарға Наурыз көже ұсынды.

Радио ардагері: «Қайырымдылық концерті - мақтанышпен, асып-тасқандықтан қолға алынған іс емес. Балалардың таза көңілі адамға қанат бітіреді. Сондықтан, жасайтын жақсылығымыз, игілікті істеріміз мол болсын. Көктеммен бірге келіп жететін бұл мерекенің өзі үлкен-кішінің бір ортада басқосуымен ерекшеленеді», деген пікірін білдірді.

Бұдан бөлек, шарада белгілі қолөнер шебері, құмырашы Ерболат Қарабдал мекеме тәрбиеленушілеріне құмыра жасап көрсетті.