«Шалқар» ұлттық радиосы таң бозарып атқаннан ұлттың сөзін сөйлеуге кіріседі - Асылбек Әуезханұлы

«Кезінде Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов атамыз негізін қалаған бұл радио өз қызметін адал атқарып келе жатқанына тыңдармандар куә».

16:08, 3 ақпан 2016   1719

Бүгінде ұлттың сөзін сөйлеу, қамын жеу, байрағын биіктету ісіне еліміздегі барлық сала тегіс кірісіп жатыр десек,  сөзіміз шындыққа жанаса қоймас. Алайда, таң бозарып атқаннан жұртымыздың сөзін сөйлеуге кірісетін бір мекеме бар. Ол - «Шалқар» ұлттық радиосы.

Кезінде Алаштың ардақты тұлғасы Ахмет Байтұрсынов атамыз негізін қалаған бұл радио өз қызметін адал атқарып келе жатқанына тыңдармандар куә. Радиода қызмет етіп жатқан журналистердің әрбір сөзінен ұлтқа деген жанашырлық руһы сезіліп тұрады. Ән-терме, жырлардың таңдалуы, бағдарламалардың атаулары мен жүргізілген сұхбаттардан да ұлттық құндылықтарымыздың иісі аңқып тұрады.

Ұлтымыздың діні мен тілі де, мәдениеті мен өнері де радио ұжымының назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Аманжан Еңсебаев, Сауық Жақанова, Нұрлан Өнербаев, Азамат Қанапия сынды алтын дауысты аға-апаларымыздың оқыған роликтері тыңдарманының өңменінен өтіп, жүрегіне жетердей. Оған төмендегі шумақтар дәлел бола алады.

Ғасырлардың бізге жеткен үні өзі,

Асылдардың бұлжымаған тіні өзі.

«Шалқарым» бар, бәрі өзгеріп жатқанда.

Ділін сақтап өзгермеген бір өзі.

Еңбектеріңіз жана берсін. Отбасы, ошақ қасыларыңызға береке-бірлік, қүаныш тілейміз.  Ұлттың үнбайрағының мерейлі тойы құтты болсын, ұлтпен бірге Қияметке дейін жасай берсін.

Ізгі тілекпен: тұрақты тыңдармандарыңыз Асылбек Әуезханұлы.