«Шалқар» ұлттық радиосына биыл 50 жыл толды

«Шалқар» - республикадағы тек қана қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз арна.

11:20, 21 қаңтар 2016   1003

«Шалқар» ұлттық арнасы 1966 жылдың 1 қаңтарында ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы ретінде тұсауын кесті.

1998 жылы жұмысын уақытша тоқтатқанымен, 2002 жылы қайта ашылды. Алғашында тек Алматы қаласының көлемінде ғана хабар таратты. Кейіннен эфир уақыты ұлғайып, республика аумағына тарай бастады.  

Бұған дейін Қазақ радиосының құрамдас бір бөлігі - редакция болып келген радиоарна 2014 жылдың ақпан айынан бастап жеке радио болып қайта құрылды.

«Шалқар» - республикадағы тек қана қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз арна. Радио өнімдері қазіргі кезде республика аумағының 62,04 пайызына тарайды.

Радионың shalkarfm.kz сайты 2011 жылғы 18 шілдеден бастап  ақпарат таратады. Осы жылдың 18 шілдесінен әлемнің әр түкпірінен онлайн трансляция арқылы тыңдау мүмкіндігі пайда болды. 

«Шалқар» ұлттық арнасының  басты мақсаты - қазақ халқының ұлттық, рухани құндылықтарын насихаттау. Алғаш ашылғанда «Өнерім-өмірім», «Атадан қалған асыл сөз», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алтын тамыр» сынды бағдарламалары арқылы тыңдарман жүрегіне жол тапты.  

Радиода әр жылдары белгілі журналистер М.Жантикин, Е.Әбдіғапаров, Т.Рсаев, У.Қыдырханов, Е.Қашқынов, Ғ.Есенсариев, А.Еңсебайұлы, Т.Момбекұлы, Ғ.Игісін,  талантты дикторлар С.Жақанова, О.Қалмырзаев, Ұ.Бармашқызы  қызмет атқарды.

Қазақ әдебиетінің сүбелі шығармаларын, ұлттық музыкасын, ғасырлар қойнауынан жеткен ғұламалар ғибратын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан арна бүгінде сол қалпынан жаңылған жоқ.

«Күй-шежіре», «Сал домбыра», «Наридірген», «Терме», «Назқоңыр», «Өнер алаңы», «Зиялы қауым», «Парыз», «Даланың дана арулары», «Біздің елдің жігіттері» сынды хабарларды әр апта сайын тыңдармандар асыға күтеді.

Сондай-ақ, радио «Замана бұлбұлдары» айдарынан Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, «Бізге қымбат дауыстар» айдарынан Жамал Омарова, Роза Бағланова сынды саңлақтардың концерттерін, өнер дүлдүлдерінің үнтаспаға жазылып алынған шығармаларын тұрақты түрде ұсынып келеді. Сондықтан, «Шалқар» ұлттық арнасы арқылы таралатын хабарлардың маңызы зор, көтеретін жүгі ауыр.

Радио 2012 жылдан бастап Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығынан» хабар таратып келеді.