Қуандық Рахым, әнші: Әндерім еуропалық стильде емес, қазақи бағытта

18:13, 6 наурыз 2017   1253

Көпшілікке «МузАрт лайв» жобасы арқылы  танымал болған жас әнші Қуандық Рахым соңғы кездері өнер өлкесінде жаңа әндерімен де атын шығарып жүр. Таланатты әншінің шығармашылығындағы ұдайы ізденісті, өзгерістерді де өнер сүйер қауым бағалап отырған болуы керек. Қазақстандық өнер жұлдыздары әлемінде аты жиі атала бастаған жез таңдай әнші Жезқазғаннан шыққан. 

- Сұхбатымызды отбасыңыздан, өнер жолына келуіңізден бастасақ. Жалпы, ән әлеміне, өнерге деген қызығушылық қайдан бастау алды?

- Мен Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласының тумасымын. Өнерлі отбасынан шықтым. Анам кезінде Жезқазған өңірінің белді әншісі болды. Үйде 4 ағайындымыз. Бәріміз де өнерден құр алақан емеспіз. Ең алғаш әнге баулыған анам. Сосын Сәтбаев қаласындағы ұстазым Айгүл Жұмашқызы тәрбиеледі. 9-сыныпты бітірген соң Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің дәстүрлі ән бөліміне оқуға түстім. Мұнда мәдениет қайраткері Мейірхан Адамбековтен сабақ алдым. Өнер маған әкемнің қанымен, анамның сүтімен дарыды. Сондай өнерлі әулеттің ұрпағы бола тұра, басқа мамандықты армандауым мүмкін емес сияқты. Алғаш рет 1-сыныпта әліппемен қоштасуда ән айттым. Ұстазым менің дарынымды сол кезде байқаса керек, үнемі сынып, мектепаралық кештерде міндетті түрде ән айтқызатын. «Әнші боламын» деп армандадым, бала кезден қызықтым. Және сол бағытта шаршамай еңбектенудемін.

- Ән қоржынында авторлық әндеріңіз нешеу?

- Ән қоржынымда әндер өте көп. Жиырмадан астам ән бар. Болашақта екі үнтаспа және екі түрлі бағытта шығарсақ деген ниетіміз бар. Бірі, тек дәстүрлі әндер, екіншісі, эстрадалық бағыттағы авторлық әндер. Өзім шығарған үш әнім бар. Алайда, «сазгермін» деп төсімді қағудан аулақпын. Кейде шабыт қысып, әдемі әуендер көмейге келіп қалатыны бар. Кейбірін жақындарыма тыңдатып та жүрмін. Кейбірін тек өзім ғана тыңдаймын. Себебі ұяламын. Бірақ жуырда ұятты жиып қойып, продюсеріммен ақылдаса отырып репертуарыма өзім жазған бірнеше әндерді қостық. Олар: «Уайымдама», «Мақта қыз», «Кейіпкерімсің» деген әндер. Болашақта да сәтті шыққан еңбектерімді репертуарыма қосып, өнерсүйер қауымға сыйлаймын деген ойдамын.

- Кез келген әнші сахнаға өзіндік қолтаңбамды қалыптастырсам деп келеді. Сіздің ерекшелігіңіз қандай?

- Әрбір әнші көптің бірі болуды емес, өнерден өзінің ойып алар орнын табуды мақсат етеді. Менің басқа әншілерден ерекшелегім бар деп айта алмаймын. Алла тағала әркімге өзіне лайықты әдемі дауыс береді ғой. Сол нығметпен ерекшеленетін шығармын. Дәстүрлі әннен эстрадаға ауысқанымның да өзіндік себебі бар. Өйткені, біз жастарға бірден дәстүрлі әнді тыңдатып кете алмаймыз. Эстраданы айтып, кейін арасында дәстүрлі әнді тыңдатсақ, олар жақсы қабылдайды. Мәселен, өткенде маған бір қыз орысша жазды. «Мен бұрын қазақша әндер тыңдамайтынмын. Сіздің әндеріңізді тыңдағаннан кейін ғана қазақша әндерге мән беріп жүрмін» деп... Міне, соларға ертең дәстүрлі әндерді тыңдатсақ, домбырамен ән салсақ, олар да үйренеді деп ойлаймын. Менің әндерім еуропалық стильде емес, қазақи бағытта. Дәстүрлі әнші болған соң, эстрадаға келгенде мені халық жақсы қабылдады. Аз уақыттың ішінде танымал болуыма да осы әсер еткен болар. Өйткені, халық дәстүрлі мақамдағы әншілерді жақсы көреді.

- Стиль, имидж қалыптастыруда кімдермен ақылдасасыз?

- Бұл тұрғыда кәсіби маманның кеңесіне құлақ асуды жөн көреміз. Олардың қатарында, әрине, продюсерім Жанна Абуова, одан кейін Айжан деген стилисіміз бар. Ал бейнебаян кезіндегі менің әртүрлі жанрдағы имидждерімнің авторы режиссерлер. Себебі, әр режиссердің өз қиялы мен образы бар. Әншінің міндеті - сол кейіпкерді мінсіз көрсету.

- Танымалдылық сізге не беруде?

- Өзімді «танымалмын» деп кеудемді ұрудан аулақпын. Өнерге жаңадан тәй-тәй қадам басқан жас өнерпаз ретінде өз тыңдарманым, өз көрерменім бар. Және өнерде де танып, шығармашылығыма баға беріп жүрген аға-әпкелер бар. Олардың барлығының жақсы пікірі мен маған деген құрметі, меніңше, танымалдылыққа жету жолындағы еңбектің жемісі деп білемін. - «Жігітке жеті өнер де аз» дейді.

Сіздің бойыңызда біз білмейтін қандай қасиеттер бар? Жалпы, қандай аспаптарда ойнайсыз?

- Әзірге меңгергенім үш аспап. Дәстүрлі әнші болғандықтан домбырада, күйсандық және қылқобызда ойнаймын. Мұнымен тоқтамай болашақта аспаптар тізімін толықтырсам деген ниетім бар.

- Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Сіз үшін жетістікке жетудің формуласы қандай?

- Адам болып келген өмірден адам болып өтуді басты мақсатым деп санаймын. Және қандай биікке жетсем де, қарапайымдығымды сақтап, адамгершіліктің жібін аттап кетуден сақ болуға тырысамын. Жетістікке жетудің формуласы өте оңай. Айқын мақсат, талмас еңбек, ең бастысы, үлкен сабырлылық қажет. Осы үш нәрсені көкейге құйып, тәуекел етіп іске кіріскен әр адам жетістіктің дәмін сезеді деп сенемін.

egemen.kz

Шалқар радиосы

Байланыс телефондары:

1966 жылы 1 қаңтарда «Шалқар» ұлттық арнасы ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы ретінде тұсауын кесті.

1998 жылы жұмысын уақытша тоқтатқанымен, 2002 жылы қайта ашылып, алғашында тек Алматы қаласында ғана хабар таратты. Кейіннен эфир уақыты ұлғайып, республика аумағына тарай бастады.

2011 жылы 18 шілдеден бастап «Шалқар» радиосының shalqar.fm ресми сайты ақпарат таратады.

2012 жылы радио Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығына» көшті. Заман талабына сай сандық технология орнатылған. Мұны игеру арқылы радио мультимедия сапына қосылды.

2014 жылдың ақпан айынан бастап жеке радио болып қайта құрылды. Бұған дейін Қазақ радиосының құрамдас бір бөлігі ретінде редакция болып келген.

Радио өнімдері қазіргі кезде республика аумағының 64%-на тарайды.

«Шалқар» ұлттық радиосы – республикадағы тек қана қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз арна.

«Шалқар» ұлттық радиосының басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық, рухани құндылықтарын насихаттау. Алғаш ашылғанда «Өнерім-өмірім», «Атадан қалған асыл сөз», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алтын тамыр» сынды бағдарламалар арқылы тыңдарман жүрегіне жол тапты.

Қазақ әдебиетінің сүбелі шығармаларын, ұлттық музыкасын, ғасырлар қойнауынан жеткен ғұламалар ғибратын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан радио «Ән домбыра», «Қазақтың 1000 күйі», «Дәуір сазы», «Құтты қонақ», «Бозжусан», «Айтыс ақтаңгері», «Қазақы әңгіме», «Отанды сүю», «Дәстүр», «Бесігіңді түзе», «Құс жолы», «Қауырсын ғалам», «Күй шашу» «Жақсының жары» сынды хабарларын ұсынып келеді.

Сондай-ақ, «Замана бұлбұлдары» айдарынан Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, «Бізге қымбат дауыстар» айдарынан Жамал Омарова, Роза Бағланова сынды саңлақтардың концерттері берілуде. Өнер дүлдүлдерінің үнтаспаға жазылып алынған шығармаларын тұрақты түрде беру дәстүрге айналған. Сондықтан да «Шалқар» ұлттық арнасы арқылы таралатын музыкалық хабарлардың маңызы зор, көтеретін жүгі ауыр.

Радиода әр жылдары белгілі журналистер М.Жантикин, Е.Әбдіғапаров, Т.Рсаев, У.Қыдырханов, Е.Қашқынов, Ғ.Есенсариев, А.Еңсебайұлы, Т.Момбекұлы, Ғ.Игісін, Д.Исабеков, Д. Қанатбаев, талантты дикторлар С.Жақанова, О.Қалмырзаев, Ұ.Бармашқызы жұмыс істеді.