Астаналық Комедия театры құрылды

«Құтты қонақтың» кешегі санында Астаналық комедия театрының актерлері Гүлмира Жакилина, Бидахмет Әли, Валиева Альбина қонақ болды.


12:07, 2 сәуір 2019   387

Айта кететін жай, театр осыдан 3 ай бұрын өз шаңырағын көтерді. Театрдың негізін танымал актер Тұрсынбек Қабатов қалады. Сондай-ақ, театрдың көркемдік жетекшісі белгілі актер, драмматург, режиссер Сайлау Камиев.

Сұқбаттың басында театр актрисасы Гүлмира Жакилина өзінің бүгін алданғанын айтып, күліп алды. Қалжыңның қаймағын қайырған қазақ үшін 1 сәуір жат мереке емес, әрине. Сондықтан болар, қалың жұртымыз бір-бірін қазақы қалжыңмен қағытып жатады. Гүлмира ханымның Шыныбек деген досы  жақын арада кино түсіретін киностудияның атынан хабарласып, кастингке шақырған. Алғашқыда алданған актриса әңгіме қызғанда, досының дауысын танып қояды.

Бір қызығы, дәл осындай оқиға Бидахмет Әлидің де басынан өткен.

Ал Альбина бұған дейін бірде-бір рет алданбағанын айтты.

Қазір театрдың қоржынында Майкл Фрейн «Театр 180°», Марка Малетти «Мерекелік меню», сонымен қатар, Б.Томастың  «Чарлидің әпкесі» музыкалық комедиясы бар. Театр актерлері тек әлемдік деңгейдегі шедеврлерді ғана сахналайтынын айтты. Ал мұндай классикалық шығармаларды көрерменге жеткізу үшін кем дегенде 1 ай уақыт кетеді.

Интервью соңында Бидахмет Әли А.Байтұрсынұлының «Көгершін мен шымшық» мысалын айтып берді.

Көрерменге құлақ қағыс ретінде айтып өтейік, Театр «Nomad city» концерт залында (EXPO қалашықта «Нұр Әлем» шарының жанында) жұмыс істеп жатыр.

Сұқбатты толығырақ аудио нұсқадан тыңдай аласыздар.