«Дала фольклорының антологиясы» жинағының тұсаукесері өтті

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін «Qazaq radiolary» ЖШС-нің «Дала фольклорының антологиясы» атты жинағының тұсаукесеріне байланысты брифинг өтті.

13:55, 19 сәуір 2019   120

«Дала фольклорының антологиясы» жинағы Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынның аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жүзеге асты. 

Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, «Qazaq radiolary» ЖШС-нің директоры Құрманбек Жұмағали, ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Әбіл Жоламанов және айтыскер ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев қатысты.

 

Жиында министр Дәурен Абаев антология негізінде «Altynqor» сайты мен мобильді қосымшасы да жасалатынын атап өтті. Сондай-ақ, осы сайт арқылы қазақстандықтар ғана емес, шет елдік қандастарымыз да ақпарат ала алады.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, келешек ұрпақ мәселесінде мемлекет тарапынан ақшаны аямауымыз керек. Өз сөзінде министр мұндай құнды жобаларды әрқашан қолдауға дайын екенін айтты. Жиынға жиналған журналистерді өз ұсыныстарымен ақпарат министрлігіне келуге шақырды.

Ал «Qazaq radiolary» ЖШС-нің директоры Құрманбек Жұмағали «Дала фольклорының антологиясы» атты жинағының дайындалуына 6 ай уақыт кеткенін жеткізді. Арнайы топ құрылып, қыруар еңбек атқарылды деген Құрманбек Жұмағали бастама ұсынған министрлікке және өз әріптестеріне алғыс айтты.

Аталған жинаққа Qazaq radiosy-ның «Алтын қорында» 1948 жылдан бері сақталған халқымыздың мәдени мұралары, сан ғасырлық тарихқа толы шығармалары – ертегілер, батырлар жыры, айтыс өнері, шешендік сөздер, жыр-дастандар, күй-термелер және т.б. енген.

Айта кетейік, ұлттың үнжариясы – Qazaq radiosy-ында 1959 жылдан бастап «Ертегі» айдарымен барлығы 350 хабар дайындалған болатын. Ал, кейіннен «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Айдос атаның ертегілері» және «Сауық әженің ертегілері» деген атаумен жаңартылып, әр жылдары жазылған таспалар қайта топтастырылып шықты.

Сондай-ақ, «Алтын қорда» сақталған еліміздің белгілі жыршы-термешілерінің орындауындағы 2015 жылы қайта үнтаспаға жазылған батырлар жырының 50 нұсқасы кірді.

Ежелден келе жатқан ұлтымыздың төл өнерінің бірі – айтыстың 1960 жылдан бері сақталған 10 шығарылымы, 1950 жылдан бастап сақтала бастаған, «Салт-дәстүр» атауымен берілген - «бата», «беташар», «сыңсу», «жар-жар», «жоқтау», «жарапазан», «бесік жырлары» сынды жәдігерлер де жинаққа енгізілді.       

Айта кететін бір жайт, жыл басынан бері «Qazaq radiosy» мен «Shalqar» радиосының эфирінен «Дала фольклорының антологиясы» атты арнайы бағдарлама тыңдарманға жол тартқан болатын.

Халқымыздың өмірін бейнелейтін, қиял-ғажайып негізге құрылған құнды шығармалар осылайша жалғасын таппақ.

Айтыскер ақын Аманжол Әлтаев дала фольклорын тыңдап өскен бала әке-шешесін жетімдер үйіне өткізбейді, Отанын тастап кетпейді деп тебіреніп, бұл дәл қазір бізге қажетті жоба, деді.

ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Әбіл Жоламановтың айтуынша, жақын арада Елбасы мақаласы аясында арнайы экспедиция құрылады.