Қазақ радиосы мерекелік концерт ұйымдастырды

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС Қазақ радиосының бастамасымен мерекелік концерт өтті. Концерт – Қазақ радиосы мен «Нұрлы жол» вокзал кешенінің бірлескен жобасы.

11:38, 2 мамыр 2019   76

Жобаның мақсаты – көпұлтты мемлекетімізде мызғымас бірлікті және ұлтаралық татулықты ұлықтау. Республикамыздың түкпір-түкпірін қамтитын Қазақ радиосының тікелей эфирі арқылы заманауи үлгідегі «Нұрлы жол» вокзал кешінінің сыртқы имиджін арттыру, танымалдылық аясын кеңейту.

Бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекетіміздің мерейін асырар мерекелік концертте Құрмаш Маханов, Ерлан Рысқали, Шахаризат Сейдахмет, Аяулым Қамажан, Айбек Бекбосынов, Ләйлә Исаева, Оралхан Алтынбеков, Рухия Байдүкенова, «Дара» дуэті өнер көрсетті. 

Шара аясында көрермендерге арналған сұрақ-жауап, қызықты ойындар ұйымдастырылды. Көшпелі студия арқылы жолаушылармен, тұрғындармен тікелей эфирде сұхбат жүргізілді. Белсенді қатысқан көрермендерге «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫНЫҢ» арнайы сый-сияпаты тарту етілді. 

Айта кетерлігі, сәуір айында Қазақ радиосы «Нұрлы жол» вокзалына қосылды. Бүгінде үнжария сапарға шыққан тұрғындар мен қала қонақтарына теміржол кешенінен хабар таратады.