«Сарайшық» қорығы жаңаша түлемек

16:55, 3 желтоқсан 2019   92

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Махамбет ауданына сапары кезінде «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының болашақта салынатын сапар-орталығының құрылыс алаңымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сапар-орталығының құрылысы сыртқы және ішкі туризм көлемінің көбеюіне, адамдардың қасиетті Сарайшық қалашығына ерекше назар аударуына септеспек. Бұл нысан туристер мен келушілерге толыққанды жағдай жасауға мүмкіндік беретін тұтас кешен болмақ. «Сарайшық» тарихи-мәдени музейінің директоры Әбілсейт Мұхтардың айтуынша, археологтар ХІХ ғасырдың орта шенінде жасалған карта бойынша, қалашықтың бағзы қамалын табу мақсатында биыл да көне шаһардың орнында қазба жұмыстарын жүргізген.

Осы қазба жұмыстары кезінде диірмен тасы, Өзбек хан билік құрған уақытта жасалған мыс тиындар және жылқы бейнесінде жасалған жез кілт табылған.