Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді мерекесімен құттықтады

10:17, 26 маусым 2018   2848

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында журналистерді құттықтады.

Аталған жиында: «Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Тіпті, әлеуметтік желілер пайда болса да, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі бәсеңдемейді. Керісінше олар озық технологияларды жұмыс құралына айналдырып отыр. Біздің елдегі журналистика ауқымды реформалардың ұдайы алдыңғы сапында. Баспа және электрондық басылымдар миллиондаған адамдардың көңіл түкпірінен берік орын алды. «Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады» демекші, отандық бұқаралық ақпарат құралдары кәсіби түрде шебер, шынайы және жедел жұмыс жүргізуде. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары саласында үлкен қажырлылықпен қызмет етіп жатқан барлық журналистерді келе жатқан мерекелермен құттықтаймын»,- деді Сенат Төрағасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласындағы үздік журналистерге Сенаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады. Соның ішінде Shalqar radiosy-ның журналисі Гүлнұр Омарханқызы да марапатталды. Әріптесімізді құттықтаймыз!