Ташкентте Еуразияның сәулет-құрылыс және дизайнерлік мектептерінің халықаралық фестивалі аяқталды

09:44, 20 қараша 2019   657

Ташкентте Еуразияның сәулет-құрылыс және дизайнерлік мектептерінің халықаралық фестивалі аяқталды. Байқаудың қорытындысы бойынша Қазақстанның 18 ЖОО түлектері дипломант атанды. Бұл фестиваль 2019 жылдың 14-18 қараша аралығында Ташкент сәулет-құрылыс институты, М.Ұлықбек атындағы Самарқанд мемлекеттік сәулет-құрылыс институты, Бұқара инженерлік-технологиялық институтының қолдауымен өткен болатын.

Дәстүрлі форумға Еуразияның 19 елінен 80 университет қатысты. Соның ішінде Қазақстанның 18 жоғарғы оқу орны 90 астам жұмысын ұсынды. Бұл «Сәулет», «Дизайн», «Құрылыс», «Құрылыс материалдары, бұйымдар мен конструкциялар өндіру», «Инженерлік жүйелер мен желілер», «Көліктік құрылыс», «Геодезия және картография», «Кадастр және жерге орналастыру» бағыттары бойынша республикалық байқаудан іріктелген жобалар.

Халықаралық байқауға бакалавриат пен магистратура бойынша барлығы 552 жұмыс ұсынылды. Фестиваль нәтижесі бойынша Қазақстан жоғарғы оқу орындарының 50 астам түлегі бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Еуразияның сәулет-құрылыс және дизайнерлік мектептерінің халықаралық фестивалі жоғарғы оқу орындарының мамандары, сәулет-құрылыс саласының кәсіпқойлары, жас сәулетшілер, құрылысшылар мен дизайнерлердің басын қосатын ғаламдық шығармашылық алаң. Жыл сайынғы дәстүрлі байқау талантты жастарға өз әлеуетін танытуға, кәсіптік қызметін бастауға жол ашады.

10 жылдың ішінде Халықаралық фестиваль Еуразияның 150 астам жоғарғы оқу орындарының басын қосып, әлемдік қауымдастық алдында беделін көрсетті. Білім саласындағы интеграция, тәжірибе мен идея алмасу әріптестікті арттырады, сәулет-құрылыс саласына жаңа трендтер енгізеді.

Халықаралық фестивалға Қазақ бас-сәулет құрылыс академиясының президенті Әмірлан Айдарбекұлы Құсайынов бастамашы болды. Осылайша ҚазБСҚА шетелдегі университеттердің базасында халықаралық ауқымды шараны өткізген еліміздегі алғашқы жоғарғы оқу орны.

IX Халықаралық фестивалдің Қазақстанның Өзбекстандағы жылымен тұспа-тұс келуі екі ел арасындағы мызғымас достық пен келісімді білдіреді.

Ұйымдастырушылар форумнан кейін студенттік жобалардың жинағы мен қатысушылардың мақалаларын жариялайтын болады. Келесі фестиваль Ресейдің Новосібір қаласында өткізілмек.